Аналитика

ЖАҢА  ЖОБАЛАР,  ЖАҢА  ЖЕТІСТІКТЕР  ҚАРСАҢЫНДА

 

Қазақстан Еңбек конфедерациясының мүшелік ұйымы болып табылатын «Алматы кәсіподақтар одағы» кәсіподақтарының аумақтық бірлестігінің төрағасы Қайрат Қаратайұлы Қаратаев. Көп жылдан бері кәсіподақ ұйымында жетекшілік қызмет атқарған, кәсіподақтың жетістіктері мен кемшін тұстарын да жетік білетін кәсіби маман.  Қайрат Қаратайұлымен кездесіп, көкейімізде жүрген сауалдарды қойған едік. Басшымен болған бұл сыр сұхбат  оқырмандардың көңілдерінен шығады деген үміттеміз. Өзекті сұрақтарға ұшқыр ойымен жауап берген төраға, кәсіподақ ұйымдарына тың серпіліс әкеліп, келелі келешегіміздің кемелді болатынына көз жеткізді. 

- Қазақстан Республикасы Еңбек Қорғау кодексінің кейбір баптары мен тарауларына қарап отырсақ, әліде болса жұмыс берушілердің сойылын соғып отырған тәрізді. Бұл туралы сіздің пікіріңіз қандай?

- Бұл мәселенің белгілі бір себептері де бар деп ойлаймын. Бірден байбаламға салмай, ақыл таразысына салып қарасақ, аталмыш мәселені басқа қырынан да көруге болады. Еліміз дамушы мемлекеттер қатарында болғандықтан, бізге қазір өндіріс ошақтарының тоқтаусыз жұмыс істегені қажет. Сонда ғана экономикалық әл-ауқатымыз артып, тұрмысымыз түзеледі. Ал, тұрмыс түзелу үшін, отандық және сырттан келетін жұмыс берушілер күшін көптеп тартуымыз қажет. Ол үшін, жұмыс берушілердің жағдайын жасап, талап-тілектерін қамтамасыз етіп, білгілі бір мерзімдегі жұмыс жоспарды жүйелі түрде жүргізуге тиістіміз. Жұмыс берушілердің көңіл үдесінен шықсақ, екі қолға бір күрек табылады. Ал күрек болған жерде, дастарқанымызда күнделікті жейтін нанымызда болады. Абай атамыз: «есектің артын жусаңда нан тап»-деген емес пе, олай болса, бұйырған несібемізге шүкіршілік етейік. Қанағат барда құт-береке қонақ болады деген, сабыр сақтасақ саптаяқтың сыры кетпейді. Керегеміз кеңейіп, тереземіз теңескен тұста, әлки мәселені қолға алатын боламыз. Ол кезде кебежемізді кері тартуға әсте болмайды. Ал әзірше «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» амалдауға тура келеді.

- Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясы  қазіргі таңда тоқырауды бастан кешіріп жатқан сықылды.  Бейресми сарапшылар мұны кәсіподақтан хабары жоқ басшылардың айла амалдарымен байланыстырады. Кәсіподақтың қарағайдай «алтын діңгегі» не себептен екіге бөлініп отыр? Жұмысшылардың құқығын қорғайтын нысанның өзара қырқысуын қалай түсінуге болады? Басшылықтан бөлініп шыққан  кәсіподақтардың құқығы қалай қорғалып жатыр?

- Шынымды айтсам, мен қазір шынның жүзінде отырғандаймын. Бұл – менің елімнің кәсіподағы, бұл менің кәсіподағым жаным ашиды. Өткір сұрақтарыңыз өзегімді өртеп, жүрегімді тілгілеп кеткендей. Әйтседе, тәтті өтіріктен, ащы шындық артық. Мен екі тараптың да көңіліне қаяу салғым келмейді. Менің көздегенім – береке бірлік. «Бүйректен, сыйрақ шығармай» бір үстелде бас қосып, бір байламға келу қажет деп түсінемін. «Үміт соңынан өледі»-дейді ғой, мен әлі үміттеніп жүрген жанмын.

Басшылық пәтуа жасап, шаңырағын тіктесе, бастауыш ұйымдары уық болып қадалады деп нық сеніммен айта аламын. Кәсіподақтың қарағайдай «алтын діңгегі» деп қалдыңыз, бәлкім бұл теңеуіңізде дұрыс шығар, бал қарағай қайта көктеп бой көтерсе, жапырағын саялайтын жандар табылады. Жақсылықпен жарысқа түскен жерде бақыт ұя салады дейді, олай болса тек жақсылықпен жарысайық. Алтын ағашымыз жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасын жалғайтын «алтын көпірге» айналсын. Иә, бейресми сарапшылар талай мәселені талқылап сарапқа салды. Кәсіподақтан хабары жоқ кірмелер мүшелікке таласып, тобықтай елдің тоз-тозын шығарып, кәсіподақты құрдымға жібереді дейді. Мен сарапшы маман емеспін, болашақты болжайтын сәуегей де емеспін. Қозғалған сең құрдымға кетпей, бір арнаға түсетінін білемін. Тап қазір ағысқа қарсы жүзудің қажеті шамалы сияқты. Әйтседе ұстанған бағыт-бағдардан адаспаған жөн. Басшылықтан бөлініп шыққан кәсіподақтар өздерінің құқықтарын қал-қадірінше қорғап әлек. Мына өтпелі кезеңде өзіңді-өзің қорғамасаң, өзге сені қайдан қорғасын. Сондықтан қорғана жүріп, өзгелерді де қорғауды ұмытпаған абзал.

- Жоғары лауазымды қызметте болып, зейнетке шыққан шенеуніктердің басым көпшілігі осы кәсіподақ тізгініне жармасуды үрдіске айналдырған. Бұл жоғарыдан келген пәрмен бе, жоқ әлде «бармақ басты, көз қысты» айла амалдар ма?

- Тап басып ештеңе айта алмаймын. Жоғарыдан келген пәрмен деп айтуға толық негіз жоқ сияқты. Иә, оныңыз рас, жоғары лауазымды қызметте болып, зейнетке шыққасын кәсіподақтың тізгініне жармасатын жандар жоқ емес. Кәсіподақ қызметінің қыр-сырын білмейтін басшылар, ұжымдағы майталман мамандардан айырылып қалуда. Өкінішке орай мұндай жағдайларда орын алып жатыр. Мүшелікке таласу, қаржылық үстемдік жүргізу, топ-тобымен жаңа тұлғалардың пайда болуы, мұның бәрі уақытша қиындықтар деп ойлаймын. Елдің шетінде, желдің өтінде жүрген бастауыш ұйымдардың жетекшілері жеңіске жетеді деп үміттенемін. Өйткені, еңбекшінің жайын олардан артық ешкім білмейді. Еңбекші мен кәсіподақ ажырамайтын бір тұтас дене іспетті. Бұларды бөле жарып қарауға болмайды. Менің түсінігімде басшылыққа жоғарыдан емес, төменнен сайлану қажет. Еңбегімен еті өліп, әбден ысылған жұмысшы жетекшілік қызметтің шашауына шаң жұқтырмайды. Ал, жоғарыдан келген басшы, төменге шекесінен қарайтыны түсінікті. Бүкіл кәсіподақ бір ту астына жиналса, басшыны өзіміз-ақ сайлап алуға мүмкіндігіміз бар.

- Қазіргі таңда кәсіподақ ұйымдарының қай-қайсысын алып қарасақ та, оңай соғып отырған жоқ. Экономикалық әлеуетінің әлсіреуі былай тұрсын, құқықтық қуатыда қалмай барады. Менің бұл пікіріммен келісесіз бе?

- Дұрыс айтасың, қазіргі кезең кәсіподақтардың қай-қайсысына да оңай болмай тұр. Бұлда өтеді де кетеді, қиындыққа мойымай шыдау керек. Белсенді кәсіподақ мүшелері жарнаның көбеюіне наразы. Оларды да түсінуге болады. Өйткені алатын жалақысы мардымсыз, қиналғанда көмек қолын ұсынып жатқанымыз шамалы. Бұл түйткілдің басқа жолын қарастыру қажет шығар бәлкім, мұны мамандардың талқысына қалдырған жөн болар. Барлық мәселенің бастауы осында жатыр. Жеңілдіктер мен жәрдемшілік көмектер болса деген үмітте жоқ емес. Бұл мәселелерді уақыт еншісіне қалдырайық, тиісті шешімдер қабылданады деп сенім артайық. Ал енді әл-ауқатымызға келсе, экономикалық құлдыраулар құрдымға кетеді деп ойламаймын, бір шарықтауы бар шығар.  

- Кәсіподақты мемлекет бақылап, бағыт-бағдар беріп отырғаны меніңше дұрыс емес сыйяқты. Соның салдарынан біршама қиындықтарға тап болып, бірлігі жарасқан ұжымның арасына жік түсті. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен заманда кәсіподақтарды бөлшектеуге кірісіп кеткен жоқпыз ба?!

- Орынды сұрақ, көкейіңізде не жатқанын түсініп отырмын. Мемлекет – кәсіподақ жұмысына, кәсіподақ мемлекет ісіне араласпауы керек деген қағида бар. Мұны бәрі қолдайды. Әйтседе қазіргі жағдай, біз ойлағандай болмай тұр. «Күрсіміз күбіде, көңіліміз түбінде» деп өзіңіз айтпақшы, сондай әредек күйде тұрмыз. Сөзімнің астарын өзіңіз бажайлай беріңіз. Батыс елдеріндегі кәсіподақтар көтерілісі мемлекеттік төңкерістерге ұласуда. Мұндай оқиғалар екі тарапқа да пайда әпермейді. Қазақ халқы қандай мәселе болса да, бабалар жолымен даналар сөзімен түйіндеген. Ақылға салса, алынбайтын қамал болмайды.

- Кәсіподақтардың құқығын шектеу мемлекет саясаты емес пе? Қалталы кәсіподақтар жұмысын қашан тоқтатады деп ойлайсыз?

- Мемлекет кәсіподақ құқығын пәлендей шектеп жатыр деп айта алмаймын. Бәлки бір түсініспеушіліктер бар шығар, оны жоюға болады. Ал, қалталы кәсіподақтарға келсек, әңгіме басқаша. Кәсіподақ жетекшісін сайлайтын кім? Әрине кәсіподақ ұйымындағы кәсіподақ мүшелері мен белсенділері. Жетекшінің жұмысына қанағаттанбадыңыз ба, белгілі бір мерзімде қайта сайлаңыз. Ол – сайлаушылар құқығы. Сол кезде қалталы кәсіподақ деген ұғым атымен жойылады, бәрі өзімізге байланысты екенін ұмытпайық. Қандай ұжым болсада жетелі басшы, саналы азамат керек, оны таңдау өз құзырыңызда.

- Кәсіподақтар Федерациясы бір газет пен бір журналды қаржылай қамтамасыз етуге толық күш-қуаты жетеді. Кәсіподақтың маңдайалды жалғыз журналын өзектен теуіп, шеттетіп, неге жетімнің күйін кештіріп отыр?  Сонда көздеген мақсаттары не? Бір терінің пұшпағын илеп жатсақ та, артымызға шыр жұқпады. «Қазаны бөлектің қайғысы басқа» деген осы ма әлде?!

- Жанайқайыңызды түсініп отырмын ақын інім, журналға жаныңыз ашып, шыр-пыр болып жүрсіз. Кәсіподақтар федерациясы газет пен журналды қаржылай қамтамасыз етуге қауһары жетеді. Бірақ олай жасамай тұр. Неге? Өйткені, газетке жазылушылар санын төмендетіп алғысы келмейді. Барлық мәселе осыдан туындап отыр. Бұдан басқа қандай тосқауылдар болуы мүмкін. Жалғыз күдік күмән – жалаңаш шындыққа келіп тіреледі. Мұндай айла амалдардың белгілі бір себептері де бар шығар, ол жағын білмедім. Бір білерім шындық қашанда шымбайға батады. Бәлкім шындықты астарлап жеткізу шеберлігі керек шығар. Баяғыда Бұхарлар тура айтты екен деп, тіліп айту қисынға келіңкіремей тұр. Сіз не деуші едіңіз әлгі: «бұл дәуреннің – әуресі басқа, әукесі салбыраған жасқа, қожасы қара қасқа болып тұр» деуші ме едіңіз. Қалай болғанда да басшылар өзара кездесіп, мәселенің оңтайлы пайдасын қарастыру керек еді, бірақ бұл талап-тілек жуырда жүзеге аспайтын сықылды. «Түзелмейтін жазу, күзелмейтін ашу» болмайды ғой, десекте, сіздерді сүйіп оқитын жандар барда далада қалмайсыздар. Қазақстан Еңбек конфедерациясы, «Алматы кәсіподақтар одағы» кәсіподақтарының аумақтық бірлестігі барда «Профсоюзная жизнь Казахстана» журналы өз жұмысын тоқтатпайды. Шабыттарыңыз шындалып, қаламдарыңыз ұштала берсін. Әрқашанда еңбекшілердің қамқоршысы бола беріңіздер.

- Бір сатирик кәсіподақты жығылып жатқан сылақшыға ұқсатамын деген екен. Қысыр сөздің астарында айтылмаған ақиқат жатқан тәрізді. Сіз жығылған кәсіподақты тұрғызам деп келдіңіз, алдағы жұмыс жоспарыңыз қандай?!

- Біз мұны балама теңеу деп қабылдауымыз қажет. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді ғой. Құдайға шүкір кәсіподақ сүрінгені болмаса, әзірге жығыла қойған жоқ, жығылуға жол бермейміз. «Ауруын жасырған арам өледі» дейді дана қазақ. Мәселе жоқ емес, бар. Бірақ оны шешу сізбен біздің қолымызда. Өзгеге өкпелемей, өзіміздің мәселемізді өзіміз шеше білсек игі. Мен, барлық мәселе келісім-шарттан бастау алады деп айтар едім. Егер келісім-шарт дұрыс болса, ешқандай мәселе туындамайды. Келелі келісім жүргізу кемеңгерлікке байланысты. Бұл тұрғыда ауыз толтырып айтуға болады. Мәселен, Алматы қаласының әкімдігі, «Алматы Кәсіподақтар одағы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, «Алматы қаласы Кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған Өңірлік келісімге қосымша келісім жасалды. Сонымен қатар Алматы облысының әкімдігі, жұмыскерлердің облыстық бірлестіктері және Алматы облысының кәсіпкерлер палатасы арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған үшжақты келісімге қосымша келісім қабылданды. «Құрылысшы» құрылыс саласы қызметкерлері мен «Медик» кәсіподақ ұйымы, Агроөнеркәсіп кешені кәсіподағы ұйымдары арасында да біршама келісімдерге қол жетті. Қаншама жеңілдіктер мен қайырымдылық іс-шаралары көрсетіліп жатыр. Бұдан да басқа еңбектерді тізбектеп айта беруге болады, бірақ айтпағымыз ол емес. Айтпағымыз өндірісте жүрген жұмысшылардың мәселесін айту, сол мәселелерді бейбіт түрде шешу, жұмысшылар мен жұмыс беруші арасына шынайы дәнекер бола білу. Міне, біздің басты ұстанымыз осы. Мен мына қызметке жуырда ғана тағайындалдым, алдағы жұмыс жоспарларымды айтқаным артық болар, жеткен жетістіктерімді тілге тиек ететін боламын. Оған – уақыт төреші. Ой-санамда жүрген жаңа жоспарлар, жаңа жетістіктерге қол жеткізеді деп үміт артамын.  

Сұхбатты жүргізген –

Қайрат АҒЫБЕРГЕН.