Кәсіподақ - қалқаның һәм қауқарың!
«Алматы кәсіподақтар одағы» кәсіподақтарының аймақтық бірлестігінің төрағасы
Қайрат Қаратайұлы Қаратаев
Кәсіподақ ұйымы дегеннің не екенін, кімдердің құқығын қорғап, кімдердің мүддесі үшін жұмыс жасайтынын кәнігі қала мен дала еңбеккерлері сонау келмеске кеткен Кеңес дәуірі кезінен-ақ біледі. Өзінің әділеттілігі мен беделінің арқасында кез келген жерде, кез келген келеңсіз іске бел шеше араласатын, одан бөлек еңбеккерлердің еркін өмір сүріп, дем алуына да жағдай жасап, қарапайым еңбекшілердің қалқаны болған, түрлі деңгейдегі (республикалық, облыстық, қалалық, ұйымдық, ұжымдық) кәсіподақтар өзінің жасампаз істерін әлі де жалғастырып келеді. Әрине елімізде қоғамдық формация өзгеріп, экономикамыз нарықтық экономикаға көшіп, салт-санамыз бен құқықтарымыз еркін болған бүгінгі кезеңде кейбір жеке меншікке бағытталған ұжымдар мен шаруашылықтар болмаса, негізінен еңбеккерлердің 90-95 пайызы кәсіподақты пана тұтары анық. Өйткені әр түрлі жағдайларда жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы еңбек келісім-шарттары мен құқықтары бұзылып, қарапайым жұмысшылардың жалақысы кешіктірілетінін, тіпті жалақыларын бірнеше айлап ала алмай жүретінін, әлеуметтік жеңілдіктер мен өзге де еңбек заңнамаларының сақтала бермейтінін күнделікті өмірде кездестіріп те, ақпарат құралдарынан көріп те жүрміз. Міне осындай қиын қыстау шақта арқа сүйер сүйенішің — Кәсіподақ көмекке келетіні рас. Ендеше біз осы кәсіподақ жайлы жоғарыда айтқан аз-кем түсініктемеміздің арнасын биылғы жылдың желтоқсан айында 100 жылдығын атап өткелі отырған «Алматы кәсіподақтар одағы» кәсіподақтарының аймақтық бірлестігі (әрі қарай «АКО» АКБ), оның тарихы мен атқарған және атқарып жатқан істері жайлы әңгімеге қарай бұрмақпын.
Аталмыш ұйымның алғашқы құжаттық мәліметі оның 1919 жылдың 31 қазанында, Верный қаласында өткен 1-ші конференциясында құрылғанын айғақтайды. Содан бері арада өткен бір ғасыр ішінде Алматы облыстық кәсіподақ ұйымы талай-талай тарихи кезеңдер мен оқиғалардың куәгері болды. Алғашқы онжылдықтар негізінен еңбек майданын қалыптастыруға, халықты отырықшылыққа бейімдеуге бағытталса, келесі бір ұзақ кезеңде КСРО тұрақтылығының негізін құрайтын — социализмді нығайтуға, еңбек тәртібін күшейтуге аса мән берді. Сондай-ақ, соғыс жылдары мемлекеттік қорғаныс пен қауіпсіздік жолында іске асқан еңбеккерлердің патриоттық бастамаларын қолдап отырса, тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінде жастарды жігерлендірудің, олардың құқығын қорғаудың алғы шебінде жүрді.
Ал енді Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан өз алдына егемен ел болған тұста, экономикамыз құлдырап, халықтың әл-ауқаты нашарлаған еді. Қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың қолданыстағы заңнамаларына өзгеріс енгізулерінің салдарынан облыстық кәсіподақ та республикалық кәсіподақ бірлестігі ішінде алғашқылардың бірі болып, 1990 жылдың 21 шілдесінде өткен одақаралық конференцияда өз Жарғысын бекітіп алды, ал 1992 жылдың наурызында жеке заңды тұлға ретінде әділет органдарына тіркеуге тұрды. Сонымен қатар ол «Қоғамдық бірлестіктер туралы» қабылданған Заңға сәйкес және ҚР Азаматтық Кодексіне байланысты 1995 және 1999 жылдары екі рет қайта тіркеуге тұрып, құрамында 350 мыңға тарта мүшесі бар отыз шақты кәсіподақты біріктірген: «Алматы кәсіподақтар одағы» кәсіподақтарының аймақтық бірлестігі - деп аталды. Бүгінде оның Алматы облысы мен Алматы қаласында орналасқан, білім, денсаулық, БАҚ, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіп, тағы басқа да 22 мүшелік ұйымында 160 мыңдай мүшесі бар. Осы аталмыш кәсіподақ ұйымына мүше ұйымдар мен мекемелер өзара тығыз байланыс орнатып, іскерлік деңгейде басымдыққа ие болған. Десек те сол бір қиыншылық жылдары мемлекетіміз нарықтық экономикаға көшіп, түрлі салалаларда қиыншылықтар туып жатқан шақ еді. Мұның өзі кәсіподақтардың біршама құқықтарын шектеуге әкелді. Мәселен оның әлеуметтік қамсыздандыру қорын басқаруға, заңнамалық бастама көтеру құқығына және мекемелердің шаруашылық ісіне араласауына шектеу қойылды. Сондай-ақ өндіріс көлемінің төмендеуі ондағы жұмысшылардың, яғни біздің кәсіподақ мүшелеріміздің күрт азайып кетуіне әкеліп соқтырды. Бұл бүкіл республикаға тән үрдіс болғаны рас. Дегенмен кәсіподақ ұйымдары дер кезінде жаңа қадамдар жасап, ескі командалық-әкімшілік әдістемеден арылып, өз беделін Ата Заңымыз бен Азаматтық кодекске сай құра білді. Мәліметтерге сүйенсек, республика бойынша 2019 жылдың ақпанына дейінгі уақытта 97 669 ұжымдық шарт бекітіліп, 40 пайыз кәсіпорын қамтылыпты. Осының нәтижесінде кәсіподаққа мүшелер саны да күннен күнге артып келеді. Бүгінде республика бойынша шамамен 2 миллиондай кәсіподақ мүшесі бар екен. Кәсіподақ ұйымдарының әлеуметтік әріптестермен бірлесе өткізген «Еңбек келісім-шартын жаса!» атты акциясы нәтижесінде де еліміз бойынша 10 мыңнан аса жұмыс беруші мен 37 мың жұмысшы арасында еңбек келісім-шарты жасалып, жұмысшылардың құқы мен әлеуметтік қорғалуы қамтамасыз етіліпті.
Ал енді соңғы жылдары Алматы қаласы мен Алматы облысы басшылығы, облыстық кәсіподақ ұйымы мен өнеркәсіпшілер және Кәсіпкерлер одағы арасында жасалған үшжақты келісімдер нәтижесінде ұтымды іс-тәжірибелер өмірге еніп жатыр. Олар жасасқан келісім-шарттар арнайы құрылған комиссияның жіті қадағалауында болады. Өйткені қоғамда әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауда Кәсіподақтарға жүктелер жауапкершілік жоғары еді. Сондықтан әр тоқсан сайын қала және облыс әкімдіктерінде кәсіподақ атқарып жатқан іс-шаралар мен міндеттемелердің есебі тыңдалып, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудің жолдары, оның ішінде еңбек құқығы мен қызметкерлердің кепілдігін қамтамасыз ету және еңбектің заңдық нормаларының сақталуы қатаң қадағаланады. Бұл тұрғыда кәсіподақ еңбек қатынастары бойынша туындаған даулы мәселелерге араласып, тіпті сот үдерістеріне де қатысамыз, оған толық құқымыз бар. Қажет жағдайда дауласушы тараптарды сотқа дейін татуластырып, сот пен Кәсіподақтар федерациясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жұмыс істейміз. Елбасының 5 қазан 2018 жылғы: «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «уақыт пен ресурстардың орынсыз шығындарын талап ететін артық сот рәсімдері қысқаруы тиіс», — делінген болатын. Демек бұл сот жүйесі қызметінің тиімділігін арттырумен қатар, халықтың қалта қаражаты шығындарын да үнемдеу деген сөз.
Тұрақтылық — біздің басты құндылығығымыз екені белгілі. Оны сақтаудағы кәсіподақтардың негізгі құралы — ұжымдық шарт болып табылады. Ол кез келген мекеме мен кәсіпорындарда болуы шарт. Ұжымдық шарт мекеме басшысы мен кәсіподақ мүшелері арасында екі-үш жылдық мерзімге дейін жасалады. Дегенмен аталмыш ұжымдық шарт кез келген мекеме мен кәсіпорында болуы шарт десек те, заңнамада «міндетті» деген сөз айтылмайды. Сондықтан болар, бұл шартты жасаудан қашқақтап, жалтаратындар да бар. Оның бірден бір себебі: кәсіподақтың еңбек заңдарының бұзылуына жол бермейтіндігі екені жасырын емес.
Сонымен қысқаша жинақтай айтсам, біздің «Алматы кәсіподақтар одағы» кәсіподақтарының аймақтық бірлестігі кәсіподақтардың бірігуі мен дамуы және оның әрбір мүшесінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарының қорғалуы жолында барынша ықпал ете бермек. Біз әлеуметтік серіктестік мақсаттарын ұстана отырып, мемлекеттік органдармен және жұмыс беруші бірлестіктермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Заңгер, кадр қызметкері, есепші, техникалық инспектор тағы басқа мамандық иелері болып жүрген кәсіподақ қызметкерлері жиі-жиі семинарлық сабақтарға жіберіліп тұрады. «АКО» АКБ «Күшіміз бірлікте!» атты ұранды ұстана отырып, Алматы мен Алматы облысына қарасты аумақта өз қатарымызды көбейту жолында ерінбей еңбек етіп келеді.
«АКО» АКБ-ның негізгі ұстанымдары мен бағыттары:
- «АКО» АКБ-ның негізгі міндеттерінің бірі — әлеуметтік серіктестік жүйені жетілдіре беру. Ол үшін қала мен облыс деңгейінде Аймақтық келісім жасастық. Бүкіл ұйымдарда кәсіподаққа мүше еңбекшілердің кепілдіктері мен әлеуметтік жеңілдіктерін қарастыратын Ұжымдық келісім-шарттар жасалған. Келісім-шарттардың іске асуын оңтайландыру тұрғысында, қажет болған жағдайда оған өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі және белгілі бір мезгілдерде ұжымдық келісім-шарт міндеттемелерінің орындалу барысы бақыланып, тексеріледі;
- «АКО» АКБ-ның жаһандық бағыттарының бірі: Қазақстандағы Кәсіподақ ұйымдарын дамыту мен еңбекшілердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жолында республикалық және салалық бірлестіктермен бірлесе отырып, бірыңғай ортақ ұсыныстар, бағыт-бағдарлары, әдіс амалдарын әзірлеу;
- Еңбек құқығы жайлы мәселелерде тұрақты түрде жазбаша және ауызша кеңестер ұсынылып, жеке және ұжымдық дауларды шешу үшін кеңестер беріледі, қажет болған жағдайда басқа ұйымдар мен мекемелердегі жұмысшылардың да мүдделері ұсынылады.
- «АКО» АКБ-ның ерекше актуальды қызметтерінің негізгілері: кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, кәсіподақ активтерінің заңнамалық және тәжірибелік дайындық деңгейін жетілдіру. Ол үшін ай сайын кәсіподақ ұйымдастырушылары мен кадрлық қызметкерлер, заңгерлер мен есепшілерге арналған арнайы семинар сабақтар өтеді. Олар онда теориялық жағынан ғана білім алып қоймай, сонымен қатар іс-тәжірибе негізінде өз шеберліктерін арттырып, одақішілік өмір жайында ақпараттық-әдістемелік материалдар да ала алады.
- Кәсіподақ мүшелерінің денсаулықтарын сақтау мәселесіне де зор көңіл бөлінеді. Бұл мақсатта жүйелі түрде кіші-футболдан турнирлер өтеді. Алдағы уақытта волейбол, үстел теннисі, шахмат сияқты спорт түрлерінен кең көлемде спартакиадалар өткізбекпіз. Осы орайда жоғарыда аттары аталған спорттық шаралар жекелеген жергілікті нысандарда өткізіліп жатқанын айта кеткен жөн.
- «АКО» АКБ жыл сайын мынадай байқаулар өткізіп тұрады: 1. «Еңбек жолы»: (номинациялар: «Үздік еңбек династиясы», «Жұмыс істеуші жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістегі үздік жас жұмысшы»); 2. «Сәттілік пен қауіпсіздік»: (номинациялар: «Еңбекті қорғау — кәсіподақ қызметіндегі басымдылық», «Еңбекті қорғау ісінде белсенді, жауапкершілігі мол техникалық инспектор», «Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің шығармашылық жұмыс жоспары).
Міне осы байқаулардың қорытындысы бойынша жеңімпаз атанғандар бағалы сыйлықтармен және Құрмет грамоталарымен марапатталады.
- Зейнеткерлікке шыққан «құрметті» кәсіподақ мүшелеріне мерекелік күндер мен мерейтойлық даталар қарсаңында моральдық және материалдық тұрғыда сый-құрмет жасап, құттықтау шараларын ұйымдастыру, өзге кәсіподақ белсенділерін қоғамдық жұмыстарды жүргізуде ынталандыра түсетіндігімен маңызды болып табылады. Мұндай шаралар кезінде еңбек ардагерлері мен кәсіподақ қозғалысының белсенділері де ұмыт қалмайды. Олардың көпшілігі «АКО» АКБ-ның «Алматы Кәсіподақтарының құрметті қайраткері» деген атағымен қоса, арнайы төсбелгілерімен және республикалық Кәсіподақтар бірлестігінің кәсіподақ ұйымының дамуына сіңірген еңбегі үшін «Қазақстан еңбек конфедерациясы» Құрмет грамотасымен марапатталған.
Кәсіподақ ұйымдары жайлы сөз қозғалғанда, ең алдымен ұйымның атқарып жатқан жұмыстары, одан кейін ұйымның басшысы, оның біліктілігі мен білімділігі, іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті жайлы айтылары сөзсіз. Ал бұл айтылғандардың кемшін түсіп жатқан жері болса, қызметкерлерден бастап, әрбір кәсіподаққа мүше адам, тіпті «сырт көз — сыншы» демекші, сыртқы ортадан келген кез келген адам сын айтар еді.
Мен өзімнің 41 жыл еңбек өтілімнің 20 жылын осы кәсіподақ жүйесі саласына арнаппын, бірақ осы уақыт аралығында біздің «Алматы кәсіподақтар одағы» кәсіподақтарының аймақтық бірлестігі жайлы бір де бір рет теріс пікір айтылғанын естімеппін. Яғни біздің ұжым мен қызметкерлеріміздің және серіктес ұйымдардың қызметтері ел көңілінен шығып жатыр деген сенімдемін. Серіктес демекші, біздің «АКО» АКБ-ның құрамына «Руханият», «Ұстаз», «Қамқоршы», «Парасат», «Медик», «Бақыт» тағы басқа сол сияқты жиырма екі бірлестік кіреді. Осылардың ішінде біреуі, мәселен қабырғасы 1924 жылдары қаланған Алматы қаласы мәдениет, спорт және полиграфия мекеме қызметкерлерінің Жергілікті «Руханият» кәсіподағы қоғамдық бірлестігі жайлы азғантай ғана айта кетейін. Бірлестіктің төрағасы Омаров Исламбек Әдәһәмұлы деген көпшілікке белгілі азамат. Жоғарыда айтқан біліктілік пен білімділік, жауапкершілік пен талапкершілік сияқты қасиеттердің бәрін бұл азаматтың бойынан табуға болады. Мәдениет, спорт және полиграфия салаларында Алматыда өтіп жатқан кез келген шараның басы-қасында ұйытқы болып аталмыш ұжым мен ұжым басшысы жүреді. Бір ғана қалада күніне жүздеген іс-шаралер мен спорттық жарыстар өтіп жатса, облыстық көлемде қаншама іс шаралар өтіп жатады десеңізші. Мен осы бір ғана «Руханиятқа» қысқаша сипаттама беру арқылы, қалған 21 кәсіподақ бірлестігінің, яғни «Алматы кәсіподақтар одағы» кәсіподақтарының аймақтық бірлестігінің жұмыстары да осы тектес деңгейде қайнап жатқанын жеткізгім келеді. Сондай-ақ кез келген сала қызметкерлері, еңбеккерлер өздері арқа сүйер, қорғаны мен қалқаны болар кәсіподақ ұйымдарына мүше болып, біздің қатарымызды көбейтсе екен деген тілегім бар. Сонымен қатар кәсіподақтардың 100 жылдық мерейтойына байланысты кәсіподақ басшылары мен белсенділеріне еңбектерінің жемісін көруге шын жүректен тілектестігімді білдіремін. Еліміз аман жұртымыз тыныш болсын!
Жүз жылдық тарихы бар кәсіподақ
Егеменді еліміздің басты байлығы – адам. Ал адам, қабырғалы қоғамның алтын қазығы іспетті. Қоғам болған соң түрлі өндіріс ошақтары мен ірілі-ұсақты ұйымдар болады. Еліміздің өсіп-өркендеуіне кәсіпорындармен бірге кәсіподақ ұйымдары да өз үлесін қоса білді. Биыл кәсіподақ ұйымының құрылғанына 100 жыл толып отыр. Осыншама жылдар ішінде кәсіподақтар басынан түрлі заманды өткеріп, аумалы-төкпелі кезеңдерге куә болып, жаңа заманның есігін айқара ашып отырған жайы бар. Өткенге көз жүгіртіп келешекті кемелдейтін болсақ, кәсіподақ тарихынан сыр шертуге тура келеді. Кәсіподақтың 100 жылдық мерекесіне орай «Алматы кәсіподақтар одағы» кәсіподақтарының аймақтық бірлестігінің төрағасы Қайрат Қаратайұлы Қаратаев мырзаны әңгімеге тарттық. Әңгіме желісі аталмыш ұйымның өткені мен болашағы туралы өрбіді.
- Қайрат Қаратайұлы кәсіподақ ұйымдарының құрылғанына 100 жыл толыпты. Көнекөз қариялар «кәсіподақ деп, байырғы кәсіподақты айт» - деп жатады. Әңгіменің әлқисасын іргесін ынтымақпен қалаған кәсіподақтардан бастасаңыз.
- «Халық айтса, қалт айтпайды» байырғы кәсіподақтардың тегеуріні мықты болғаны рас. Ол кезде он бес одақ бір ту астында қатаң тәртіпке бағынды. Ырзық несібесін адалынан тапты. Заман ауыр, күн көру қиын деп ешкім шағым жасамады. Халық қиындыққа төзе біліп, түрлі ауыр сынақтарды басынан өткізді. Бұл туралы білгісі келген жандар болса, тарихқа үңілсе болады. Ал енді кәсіподақтардың тарихына келсек, ол – кеңес одығымен тығыз байланысты. Осы тұста әңгіме ауанын аз-кем тарқата кетейін. 1919 жылы 31 қазанда Түркістан облысында алғаш рет кәсіподақ ұйымы құрылды. «Біріккен күш» есебінде тіркеліп, кеңес құрамы бекітіліп, жарғы қабылданды. Міне, сол тұстан бастап кәсіподақтар жұмысшылардың құқықтарын қорғауға шындап кірісті. 1919-1937 жылдары өлкелік кәсіподақ кеңестері өмірге келіп, кәсіподақ съездерін жүргізе бастады. Аталмыш басқосуларда жұмысшылардың өзекті мәселелері көтеріліп, оларды шешу жолдары қарастырылды. Жергілікті кәсіподақтар ресейлік әріптестерімен тығыз байланыста болып, ортақ мәселені бірігіп шешуге тырысты. 1927 жылы орта азия мен алматы аймақтық әкімшілік құрылымдарда бірқатар өзгерістер енгізуге арналған іс-шаралар болып өткенін білеміз. Сол кездерде Түрксіб құрылысына жұмысшылар мен кәсіби мамандар даярлау жұмыстары жүргізілді. 1931 жылдан бастап белсенді жұмысшылардан құралған стахановшылар қозғалысы елеулі еңбек етіп, ел еңсесін тіктеуге біршама үлес қосты. Олар – адам еңбегін қанауға қарсы шығып, 7 күндік жұмыс кестесін құруға мұрындық болды. Бұл өте ауыр да күрделі уақыт болатын. Кәсіподақтар жұмысшылармен тізе қосып, ел игілігі үшін ерінбей еңбек етті.
- Кәсіподақтардың ең күрделі кезеңі қолдан жасалған ашаршылық пен соғыс жылдары болғанын білеміз. Бұл туралы да тақырыпты тарқата кетейік.
- Иә, ашаршылық кезде қаншама адамдар дүниеден озды. Жазықсыз жапа шекен жандар қаншама. Ол аз болғандай зұлмат соғыс басталды. Ұлы Отан соғысы басталғанда өнідіріс ошақтары тоқырап, қорғаныс саласына қызмет етуге кірісті. Жеңіске жету үшін жұмысшылар күндіз-түні жұмыс істеуге тура келді. «Бәрі, майдан үшін», «бәрі жеңіс үшін» - деп аянбай тер төкті. Сол кездегі жұмысшылардың жанкештілігі өз алдына бір төбе әңгіме. Ел басына күн туған заманда кімге оңай болды дейсің, ауыр заман еді ғой. Кәсіподақтар да тобықтан су кешіп, еңбек еткені есте қалды. Ол кезде техника мекен-саяқ, барлығы жұмысшылардың күшімен атқарылды. Кәсіподақтар жығылған жанға сүйеу болып, қиналған жанға қол ұшын бере білді. Орталық жүйенің шешімі әділ, әрі айқын еді.
- Сол кездегі кәсіподақтар кездескен қиындықтарға қарамастан жұмысшыларға көмек қолын созды. Мұның бәрі орталық жүйеден басқарылып, жұмысшыларды ынталандыру үшін жүргізілді. Жалпы сол кәсіподақтардың ерен еңбектерін де еске ала отырайық.
- Алысқа бармай, әңгімені өзімізден бастайық. 1954 жылы алматы облыстық кәсіподақтар кеңесі өз жұмысын қарқынды жүргізе бастағаны туралы тың деректер бар. Орталық комитет ауыл шаруашылық саласына қолдау көрсетіп, жергілікті өндіріс ошақтарын жандандыруға атсалысты. 1963 жылы 16 сәуірде алматы облыстық кәсіподақ кеңесі құрылып, шаруашылыққа жіті мән беріле бастады. 1964 жылы 15 желтоқсанда заман талаптарын қанағаттандыру мақсатында қайта құрылды. 1969 жылы біріккен кәсіподақ қызметінің кеңесінде – 512743 адам еңбек етсе, олардың – 479520 кәсіподақ мүшесіне тіркеуге алынды. Кеңес одағы кезінде социалистік сайысқа 107 млн. еңбекшілер қатынасты. Коммунистік тұрғыда 68 млн. адам еңбек еткені мұрағаттарда сақталған. Біздің облысымыздан 926 000 адам қатынасып 653 000 жұмысшы маңдай терін төккенін айта кету керек. Сол кезде әлеуметтік мәселелерге баса назар аударылды. Жұмысшыларды ынталардыру мақсатында «қалыс қалмай еңбек ету», «жұмысшы эстафетасы», «еңбекшілер жасасын!»-деген сынды топтар болғанын білеміз. 1982 жылы 15 мың ұйғарылымдар шығарылып, 239 өнер туындысы және 950 ұсынымдар бойынша жаңа техникалар алу үшін 38 млн. қаржы көзі жұмсалды. Өзін-өзі басқару мақсатында 1300 шығармашыл адамдар жұмылдырылып, 52 000 адам тынбай еңбек етті. Соның нәтижесінде өндірісте 9,7 мың ұсыныстар енгізіліп, 7,7 млн. қаржы үнемделді. 1977 жылы ауылдық жерлер үшін бірыңғай сақтандыру кепілдігі жүйелі жұмыс істеді. Біздің облысымызда саяхатшыларға арналған 3 демалыс орны, 16 сауықтыру шипажайлары елге есігін айқара ашты. Өндірістік емдеу үшін жұмысшыларға 78,3 пайыз жеңілдікпен берілді. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне емдеу-сауықтыру нысанына жолдамалар кезектен тыс тегін үлестірілді. Пионер лагерлеріне 50 пайыз жеңілдік көрсетілді. Ауыз толтырып айтатын тындырымды істер жетіп артылады.
- Бұл кезеңдерді кәсіподақтардың дәуірлеу кезеңі десек артық айтпайтын шығармыз. Ал енді, кәсіподақтардың құлдырау кезеңіне де тоқтала кетсеңіз.
- Кәсіподақтардың құлдырау дәуірі Кеңес өкіметінің құлауымен тығыз байланысты. Осы кезеңде кәсіподақ ұйымдары ыдырап «балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» заман болғанын білеміз. Өйткені, өндіріс ошақтыры жабылып, мекемелер мен кәсіпорындар жекенің қолына өтіп, нағыз капиталистік дәуір басталды. Мекеме болмаса, кәсіподақ мүшесі қайдан болсын. Ал, жеке нысандар кәсіподаққа жарна төлегісі келмейді. Өз алдымызға ел болып, еңсемізді тіктеу үшін кедергілерден өтуге тура келді. Бұл уақыт кәсіподақтардың құлдырау кезеңімен ұштасты. Бірақ, кәсіподақтар қиындыққа мойымады, қашанда жұмысшылардың жағында болғанын мақтанышпен айтуға болады. 1990 жылы 21 шілде айында алматы облыстық кәсіподақ кеңесі алғашқылардың бірі болып өзінің құжаттық жарғысын бекітіп, 1992 жылы наурыз айында тіркеуден өтті. Жарғыда әрбір кәсіподақ мүшесіне жан-жақты қамқорлық көрсету амалдары, еңбек қауіпсіздігі, сауықтыру және тағыда басқа көптеген міндетті шаралар қамтылған болатын. Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің шешіміне сейкес, «қоғамдық бірлестіктер жөнінде» заңды құжатқа өзгерістер енгізіп, заман талабына сай 1995-1998 жылдары қайта тіркеуден өтті. Өткенге сәл шегініс жасайтын болсам, 1991 жылы Алматы кәсіподақтар кеңесі бірінші болып қалалық кеңестің атқарушы комитетімен келісімге келіп, біріккен келісім-шартқа қол қойды. Бұл келісім әлеуметтік әріптес атауына ие болды. Келісім аясында жергілікті құзырлы орындармен бірігіп жұмыс істеу, ортақ мәселені тиімді шешу жолдары көзделген. 1992 жылы қаржылық бағамның құлдырауына байланысты қала кәсіподақтары және облыстық ұйымдар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі және өкіметтің назарына өз талаптарын жеткізді. Бұл өтінімде – жергілікті тұрғындарға алғашқы әлеуметтік жәрдем көрсету шаралары, қаржылық құлдырауды ауыздықтаумен қатар бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. 1993-1994 жылдары Жоғарғы кеңестің жаңа конституциясы және заңнамасы «Қоғамдық бірлестіктер жөнінде», «Кәсіподақтар туралы», «Еңбек қауіпсіздігі» тұғырнамасы кәсіподақтарды біршама құқықтардан айырды. Осы кезеңде өнірістерде заңсыздықтар орын алып, еңбекшілер құқығы бұзылды. Осындай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін кәсіподақтар заңнамаларға толықтырулар мен өзгерістер енгізу үшін өкіметке арыз шағымдарын жолдады. 1995 жылы қалада және облыстарда әлеуметтік әріптес бойынша үшжақты келісімге қол жетті. 2015 жылы ақпан айында өткен конференцияда ҚР «Кәсіптік одақтар туралы» қабылданған жаңа заңнамасына сәйкес кәсіподақ жарғысы түзетілді. Бүгінгі таңда 20-дан астам кәсіподақ ұйымдарында 130 000 адам бірлесіп еңбек етуде.
- Кәсіподақтардың 100 жылдық тарихына орай қысқаша шолу жасадық. Енді, болашаққа бет бұрсақ. Болашақта еліміздегі кәсіподақтардың әл-ақуалы қандай болмақ? Өзіңіздің алға қойған мақсаттарыңыз туралы не айтасыз?
- Ешкім болашақты болжап біле алмайды. Ол – бір Аллаға ғана аян. Сәуегейлік таныту астамшылық болар. Әрине, іштей жорамал жасауға болады, бірақ ол орындала ма жоқ па, тағы белгісіз. Біз тек болашаққа үмітпен қараймыз. Болашақтағы кәсіподақ әлемдік деңгейде жұмыс жасауы үшін, іргетасы бүгіннен қалануы тиіс. Біз қолымыздан келгенін аянып қалып жатқан жоқпыз. Замана сұранысын қанағаттандыруда біршама жұмыстар жасадық. Алыс-жақын шетелдік әріптестерімізбен тәжірибе алмастық. Ортақ мәселелерді талқылап, оның шешу жолдарын сарапқа салдық. Болашақта кәсіподақтардың әл-ауқаты жақсарып, құзыретті ұйымға айналады деп сенім артамын. Өзімнің алға қойған мақсаттарым да болашақ кәсіподақтың пәрменділігін арттыруға негізделген. Еңбекшілердің жан-жақты құқықтарын қорғай отырып, еліміздің өсіп-өркендеуіне ықпал жасау. Бұл – баршамыздың отан алдындағы азаматтық борышымыз деп білемін. Сіз бен біз бірлесіп ел мүддесі үшін еңбек етейік, бағасын халық бере жатар.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Қайрат АҒЫБЕРГЕН.