Новости

Мектептегі кездесу кеші

Мектептегі кездесу кеші

Қуат Құдайбергенов,
Ақтөбе қаласындағы "Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің"
журналистика өнер негіздері" класының оқушысы.

     Биылғы оқу жылы мен үшін қуанышты жаңалықпен басталғандай. Өйткені қыркүйек айында құтты мекен Ақтөбенің төрінде Шығармашылық академиясында заманымыздың заңғар ақыны Мұхтар Шахановпен кездесу болып өтті.

1      «Жанартау жүректі ақын» атты әдеби-танымдық кешке ақынмен бетпе-бет жүздесіп, сұхбаттасуға қаламыздың бір топ жастары жиналды. Солардың ішінде Қазанғап атындағы балалар өнер мектебіндегі журналистика негіздері курсының өлеңге жаны құштар жастар көп болды. Кеш барысында ақынның өлеңдері нақышына келтіріп, мәнерлеп оқылды. Сондай-ақ ақын ашық әңгіме барысында өзінің басынан өткен қиын-қыстау кезеңдерімен бөлісіп, жас ұрпақтың бойындағы патриоттық сезімді оята білді. Зал көрерменге лық толы болғаны соншалық, әдебиет сүйер жастарымыз көкейкесті сұрақтарын бірінен соңы бірі жаудырды. Алайда бірде-бір сауалды ақын ағамыз жауапсыз қалдырмады. Сол кештегі ең маңызды әңгімелерінің бірі – желтоқсан оқиғасы. Желтоқсан оқиғасының шындығын қарапайым халыққа айту үшін мінбеге шығып сөз сөйлемекші болған. Алайда сол заманда Шахановтың атын естігеннен шошитын Кеңес үкіметі ақынның мінбеге шығуына үзілді-кесілді қарсылық танытыпты. Алған бетінен қайтпайтын ақын ағамыз қулыққа басып, бір топ адамдарға «Шаханов Арал жағдайын айтуға 3-5 минут сөз беруіңізді сұрайды» деген хатқа қол қойдырып алыпты. Сөйтіп, мінбеге шығып сөз сөйлеуге рұқсат алады. Алайда ол Арал қасіретін айтпай, Желтоқсан оқиғасы жайлы шындықты жайып салады. Міне, бұл сөзсіз ерлік. Жасының үлкендігіне, денсаулық жағдайының қалыпты еместігіне қарамастан, біздер секілді әдебиеттің кемесінде жүзіп келе жатқан жас жеткіншектермен жүздесуге келген Мұхтар Шахановқа айтар алғысымыз шексіз. Кеш соңында сыршыл ақынымыз біз үшін керемет сыйлық жасады. Естелік суретке түсіп,өзінің қолтаңбасын қалдырды. Әлем мойындаған әйгілі қаламгердің шығармалары біз үшін үлгі өнеге.

 

2

3

4